Bugin

Тәшеновтың Қонаевқа айтқаны: «Елдiң мүддесiн қорғау үшін қияметке болса да дайынмын»

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Қазақ елінің тарихында есімі алтын әріппен жазылған тұлғалар жетерлік. Соның ішінде бірі әрі бірегейі Жұмабек Тәшенов. Ендеше қазақ халқының жоғын түгендеген қоғам қайраткері Жұмабек Ахметұлының ел үшін жасаған ерен еңбегі мен өмір жолына тоқталып өтсек. 

Жұмабек Ахметұлы 1915 жылы 20 наурызда Ақмола облысы, Аршалы ауданы, Танагүл ауылында дүниеге келген. Тәшенов өзі басшылық еткен жылдары республиканың саяси, экономикалық, мәдени дамуына, қазақ мемлекетінің аумақ тұтастығын сақтау жолында еңбек етті. 

Жұмабек Тәшеновтың Қонаев туралы естелігі

Хрущевпен кездесуден соң далаға шықтық. Далаға шыққан соң Д.Қонаев маған: «Жүр, бәрiбiр дұрыс ұйкы болмас, аздап жүрiп қайтайық», - дедi. Көшенiң шетімен жүрiп келемiз, бiраздан кейiн тоқтап тұрып маған қарап: «Әй, Жұмеке-ай, жүрек жұтқан көзсіз батырсың-ау», - деді. Мен тұрып: «Маған берген бағаңның бiрiншi жартысын қабылдаймын, ал екiншi жартысын қабылдай алмаймын, дедiм. Батыр көзсiз болмайды, ондай батыр отқа да, суға да түседi, одан не пайда. Бiрақ, мен елдiң мүддесiн қорғау үшін қандай қияметке болса да дайынмын». Сонымен әңгiменi тозтатып келiп дем алдық. 

Жұмабек Тәшеновтың ел есінде қалған ерен істері

Солтүстік облыстарды Тың өлкесіне айналдыруды тоқтатқан тұлға:

Бірінші хатшы Н.Хрущев еліміздің солтүстіктегі 5 облысын (Ақмола, Көкшетау, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан) біріктіріп «Тың өлкесі» деген аймақ құрып оны Ресейге қосуды жоспарлайды. Өлкенің басшылығына Мәскеуден Т.И.Соколов деген өз адамын жібереді. Ол «Тың өлкесін» Ресейге өткізуге бейімдеп, Қазақстан басшылығына бағынудан бас тарта бастайды. Бұл әрекетті білген Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасы Жұмабек Тәшенов 1960 жылы күзде «Тың өлкесінің» орталығы болған Целиноград қаласына шұғыл түрде ұшып келіп, республикалық Жоспарлау комитетіне келесі жылдың бюджетіне қажет мәліметтерді әдейі бермей бассыздық жасағаны үшін Т.Соколовты қызметінен алып 24 сағаттың ішінде Қазақстаннан қуып жіберетінін және «Тың өлкесі» ешқашан Ресейге берілмейтінін қадап тұрып айтады.

Одан кейін Алматыда Үкімет мәжілісінде келесі жылдың халық шаруашылық жоспары қаралып жатқанда мінбеге көтерілген Тың өлкелік атқару комитетінің төрағасының бірінші орынбасары А.И.Козлов: «Жұмабек Ахметұлы! Біз сіздерден ештеңе сұрамаймыз, тек Мәскеудің бергеніне тимесеңіздер болғаны»,- деп қыр көрсетеді. Мұндай жүгенсіздікке төзбеген Жұмабек Тәшенов оны тоқтатып қойып: «Тың өлкесі Қазақстанның құрамында, ал Қазақстанды оның Орталық партия комитеті мен Үкіметі басқарады. Сіз сол партияның мүшесісіз. Мынадай қыңыр мінез бен істі қоймайтын болсаңыз партиядан шығарып орныңыздан аламыз. Сонан кейін баратын жеріңізге барып арызыңызды айта беріңіз»,- деп қадап айтады. Н.Хрущевтің қырына ілігіп қызметінен төмендетіліп Мәскеуден Қазақстанға жіберілген А.Козлов зәресі ұшып сол жерде кешірім сұрайды. Осылай Жұмабек Тәшенов Мәскеудің жіберген кеудемсоқ адамдарын тәубесіне келтіріп Қазақстаннның бес облысының берілмейтінін ашық мәлімдейді.

«Қазақ әдебиеті» газетін жабылудан аман алып қалды

Садықбек Адамбеков пен Жолдыбай Базаров былай деп жазады: 1958 жылы 28 шілдеде ҚКП Орталық Комитетінің бюросында «Қазақ әдебиеті» газетінің саяси бағыт-бағдарының коммунистік идеологияға сай келмейтіндігі, «озық ойлылардың» ойлап тапқан пролетариат мәдениетіне, талабына жат дүниелерді аңсап «ауруы», қазақ ұлтшылдарын төңірегіне топтастыру, «адам айтқысыз қателікке ұрындырғандығы» газеттің жабылып-жабылмауы талқыға түседі. Мінбеге сөйлеуге шығып бара жатқан газеттің бас редакторы Сырбай Мәуленов Қазақстанның бірінші басшысы И.Д. Яковлев бастаған топтың мысынан аяғын сылбыр басып, түсі қашып бара жатқанда, ешкімді көзге ілмей орынсыз ілік тауып «Қазақ әдебиетін» тұқыртып немесе жауып тастағалы келіп отырғандарға ызаланған Жұмабек Ахметұлы: «Тайсақтамай батыл сөйле!» деп жігер береді. Жұмабек Ахметұлының әлгі сөзі С. Мәуленовты сескенбей сөйлеуге итермелеп, қорытынды сөзінде былай дейді: «Қазақ халқының басынан шойындай қара бұлт кетпей-ақ қойды. Арал маңында, Бетпақдалада оба ауруына қарсы бекет бар. Ал, Алматыда ұлтшылдарды қолдан жасайтын «фабрика» жұмыс істейді», - дейді.

Жұмабек Тәшеновтің бір ауыз сөзі «Қазақ әдебиеті» газетін жақтаушыларды бір көтеріп тастап, мәжіліс залындағы қарсылас топты жеңіп шығуына жол ашып бергендей болады. Жұмабек Ахметұлы бірінші басшыға: «Иван Дмитриевич, қазақ тілінде шығатын «Қазақ әдебиеті» газеті туралы мәселе қаралып жатқанда, осы бөлімде жұмыс істейтін қазақ жолдастар неге бюроға қатыспайды?», - дейді. Оның сұрағына жауап беруді И.Д.Яковлев Қ.Оспановқа ысырады. Қ.Оспановтың орнына жауап берген Н.Иванов: «Жандосов демалыста, Ысмағұлов іссапарда, А... Шалабаев...», - дейді. И.Д. Яковлев: «Сіз бен біз қазақша білмейміз, сонда бұл мәселені бюроға кім әзірлеген?» - деп сұрайды. Н.Иванов: «Басқа сектордағы жолдастарды пайдаландық», - дейді. Сәбит Мұқанов: «Сонда Қазақстан Орталық Комитетінде қазақ жігіттеріне сенім жоқ деп түсінеміз бе? Осы жаңа ғана Ысмағұловты да, Шалабаевты да көрдім ғой», - дейді. И.Д. Яковлев ойланып қалады. Өз кезегінде Сақтаған Бәйішев газеттің ұлтшылдығын 1913 жылы шыққан «Қазақ» газетімен салыстырып, «А.Байтұрсыновтың «Қазақ» газетінің лебі аңқып тұр» - деп сөгеді. Осы мәселеге байланысты «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан» - С.Д) газетінің редакторы Қасым Шәріпов: «Қазақ әдебиеті» газетін жабу керек, ал басқа қазақ тілді газеттерді аудармаға айналдырмаса болмайды. Егер «Социалистік Қазақстан» газетін «Казахстанская правдадан» аударып, мен редактордың орынбасары болып қол қойсам, өзіме үлкен бақыт санар едім», - дейді. Сонда Жұмабек Тәшенов: «Социалистік Қазақстан» газетін ашқан да сен емес, жабатын да сен емессің, не деп отырсың өзің!», - деп басып тастайды. Сөйтіп ҚКП Орталық Комитетінің бюросындағы талқылауда «Қазақ әдебиеті» газеті жабылудан аман қалып, газетті жақтаушылардың пайдасына шешіледі.

Маңғыстаудың Түрікменстанға берілуіне қарсы шықты

1961 жылы Хрущев жаңа әкімшілік-территориялдық ұйымдастырып, оның жоспары бойынша оңтүстік өңірлерден бөлек Маңғыстау облысы Түрікменстанға берелетін еді. Осылайша Қазақстаннан ештеңе қалмайтындай болды. Тәшенов осы шешімдердің барлығына ашық қарсы шықты. Ол КСРО-ның Конституциясына шағымданады. Осылайша Хрущев пен одақтың шешімдерінің дұрыс еместігін дәлелдеді. Бұл Қазақстанның аумақтық тұтастығын сақтап қалуға көмектесті. Мұндай әрекет Тәшеновке өте қымбатқа түсіп, оны Шымкентке жұмысқа жібереді. Онда ол зейнетке шыққанша жұмыс істеді.  

Тәшенов Қазақстан жерінде ядролық жарылыстар жасауға да қарсылық білдірді. Ол шығармашылық одақтар өкілдеріне пәтер бергендігі үшін Алматының ортасында «қазақ ауылын» құрды деп айыпталды. «Қазақ әдебиеті» газетін жабудан, «Социалистік Қазақстан» газетін «Казправданың» аудармасы етіп шығарылу қаупінен қорғап қалды. «Ұлтшыл» деп айыпталып, Никита Хрущевтің нұсқауымен қызметінен босатылды.

Басшылықта болған 6 жылында Қазақстанның экономикасы мен мәдениетінің дамуына үлес қосқан

Экономист, профессор Ғарай Сағымбаевтың Жұмабек Тәшенов республика басшылығында болған 6 жылда Қазақстанның экономикасы мен мәдениеті қарыштап алға басқанын төмендегідей деректермен көрсетеді: электр энергиясы қуатын өндіру – 2 есе, мұнай өндіру – 1,6 есе, көмір өндіру – 2 есе, цемент шығару – 15 есе, мақтадан мата тоқу – 5 есе, тоқыма сырт киім шығару – 3 есе, минералды тыңайтқыш өндіру – 2 есе, аяқ киім тігу – 4 есе, ет өндіру – 2 есе, қант өндіру – 1,5 есе, мал майын шығару – 1,4 есе, өсімдік майын шығару – 2 есе өскен. Егіс көлемі – 6 миллионнан 22 миллион гектарға, ірі қара мал саны – 5,5 миллион, қой мен ешкі – 28,5 миллион басқа дейін өсті. Халық шаруашылығында 125 мың жоғары білімді, 215 мың орта білімді мамандар қызмет етті. Бес жылда 690 мың пәтер салынып, 2,4 мың кәсіпорындар мен мекемелер іске қосылады. 6140 кітапхана, 5140 клуб, 4777 киноқондырғылар, 25 музей, 19 облыстық театрлар жұмыс істеп тұрды. Сөйтіп, халықтың әлеуметтік жағдайы, тұрмыс мәдениеті айтарлықтай жақсарды.